Тайыр Жароков – майдангер жазушы, қазақ поэма жанрының өркендеуіне елеулі үлес қосқан эпик ақындардың қатарында болды. Ақынның алғашқы поэмалары ішінде ерекше көзге түскені – «Күн тіл қатты» (1934) атты поэмасы. Стратостатпен 22 мың метр биіктікке ұшып, сол жылдары дүниежүзілік бірінші рекорд жасаған ұшқыштар Федосенко, Васенко, Усыскиндердің батырлық ісі «Күн тіл қатты» поэмасының сюжеттік арқауы болды. Поэмада автор тарихи болған уақиғаны суреттей отырып, өз замандастарының ерлік бейнесін беруді мақсат еткен.