2021 жылғы 8 қараша күні «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне Польша Республикасынан делегация келді. Қонақтарды кіріспе сөзбен Нұр-Сұлтан қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дарина Садуқызы Саду қарсы алды. Музей маманы Елена Саморокова экскурсияны Сталиндік вагоннан бастады. Содаң соң Польша Республикасы Сенатының Төрағасы Томаш Гродзскийдің қатысуымен 1938-1953 жылдары «АЛЖИР»-де мерзімін өтеген поляк ұлтты әйелдерінің рухына арналған ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сонымен қатар, «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» деректі фильмі көрсетілді. Құрметті қонақтарға «Алаш» және «АЛЖИР» залдары бойынша экскурсия өткізілді. Экскурсия соңында Томаш Гродзский мырзаға мұражайдан естелік ретінде мемориалдың 10 жылдығы мен жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына орай «Ұрпақтар ұмытпайды» атты саяси қуғын-сүргін құрбандары балаларының естеліктер жинағы мен «АЛЖИР» лагерінде мерзімін өтеген поляк ұлтты әйелдерінің тізімі берілді. Құрметті қонақ музейдің пікір кітабына ХХ-ғасырдың 30-50-жылдарындағы қайғылы қасірет пен оқиғаларды есте сақтағаны үшін мұражай ұжымына алғысын білдірді.