2022 жылғы 26 қазан күні Астана қаласы, «Жастар» сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жариялауына орай, 12-18 жас аралығындағы балалардың тікелей қатысуымен Әлемдік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін зерттеуге бағытталған алғашқы ірі "Ashyq Niet" балалар форумы өткізілді. Форумның мақсаты: балалардың құштарлығы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, талқылау, пікір алмасу, түрлі өзекті тақырыптар бойынша халықаралық тәжірибені көрсету, инновациялық идеялар мен жобаларды ұсыну, сондай-ақ кең ауқымды мәселелер бойынша қатысушылар арасында одан әрі қарым-қатынасты дамыту үшін тең құқылы іскерлік алаң құру.
Форумның негізгі бөлімі төмендегі тақырыптар төңірегінде өрбіді:
1. Экология және жас ұрпақтың денсаулығы
2. Эмоционалды интеллект
3. Ғылым және инновация
4. Цифрландыру
Пленарлық отырыста ғаламтор желісін тиімді пайдалану және ақпаратты тұтыну алгоритмін әзірлеу туралы айтылды. Экологиялық акциялар, қайырымдылық, еріктілік, эмоционалды интеллект, балалардың психикалық денсаулығын қолдаудың нақты қадамдары талқыланды.
Форумға 6-12 сынып аралығындағы орта мектеп оқушылары, жоба жетекшілері, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлері, еріктілер, пленарлық отырыс пен панельдік сессиялардың модераторлары, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, экология инновациялар және жаңа технологиялар саласындағы сарапшылар, балалар психологтары мен жаттықтырушылары, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Форум соңында қатысушыларға сарапшылар тарапынан ұсыныстар айтылып, бағыт-бағдар берілді және қолдау білдірілді. Балалардың ғылыми жоба жұмыстарын жарыққа шығару мақсатында, жыл сайын Республикалық балалар форумын ұйымдастыру ұсынылды.
Форумға қатысушылар және жоба жетекшілері алғыс хатпен марапатталып, іс-шара соңы мерекелік кешке ұласты.