Мұқан Төлебаев (13 наурыз 1913, Қарашыған шатқалы, Сарқан ауданы, Жетісу облысы — 02 сәуір 1960, Алматы) — қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бұрынғы ҚР әнұраны авторларының бірі. М.Төлебаев қысқа ғана ғұмырында жүзден астам музыкалық шығармалар туындатып үлгерген. Бұлардың ішінде опералық, контаталық-ораториялық және ән-романстық шығармалары айрықша ден қойдырады. Әсіресе, «Біржан-Сара» операсы оның композиторлық дарынының шырқау шыңы ғана емес, сонымен бірге қазақтың XX ғасырдағы музыкалық мәдениетінің ең көрнекті табыыстарының бірі.