Мазмұнға өту

02.05.2022 · Астана қаласы әкімдігінің Біріккен музейлер дирекциясы

«Қазақ әншісі Күләш Байсейітованың туғанына 110 жыл»

Күләш Жасынқызы Байсейітова (1912–1957) – кеңестік, қазақ опера әншісі, драма актрисасы.

Күләш Жасынқызы Байсейітова (1912–1957) – кеңестік, қазақ опера әншісі, драма актрисасы. II дәрежелі екі Сталин сыйлығының лауреаты (1948, 1949). Ленин орденінің иегері (1945). КСРО халық әртісі (1936).

Оның табиғи дарынының дамуына музыканы сүйетін әкесі Жасын айтарлықтай әсер етті. Табиғи музыкалық таланты ерте танылды.

1925–1928 жылдары Ағарту институтының Алматы педагогикалық техникумында оқыды, музыкалық көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты.

1930 жылы Қазақ драма театрының студиясына (қазіргі М.О. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) түсті. Актерлік шеберлік пен музыкалық сауат ашуды үйрене жүріп, театрда шағын эпизодтық рөлдерді, ал көп ұзамай басты рөлдерді ойнады.

Күләш сахнаға арналып жаратылған, ол кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап, оны көрерменге жеткізе білді.

1933 жылы Музыкалық театр труппасының құрамына (қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театры) енді, онда өмірінің соңына дейін өнер көрсетті.

Әншінің музыкалық және сахналық дарыны «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясындағы Айман бейнесін жасауда айқын көрінді. Музыкалық драмадағы Шуга бейнесі әншінің шеберлігі артқанын көрсетті, Жібек партиясы әншіге классикалық опера өнерінің биігіне көтерілуге мүмкіндік берді. Күләштің ең көрнекті жұмыстарының бірі – М. Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Сара рөлі саналады.

Күләш Байсейітова жан-жақты дарынын, орындаушылығының қайталанбас ерекшеліктерін көрсетті. Оның есімі бүкіл Одаққа ғана емес, оның шегінен тыс жерлерге де кеңінен танымал болды.